Астанада 25 маусым күні «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Заң түні» атты әлеуметтік акция өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін «Mega Silk Way» және «Jibek Joly» сауда-ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылады. «Mega Silk Way» сауда орталығы Қабанбай батыр даңғылы, 62 мекенжайында, ал «Jibek Joly» орталығы А. Байтұрсынұлы көшесі, 34 мекенжайында орналасқан.

Акция барысында елорда тұрғындары мен қонақтары құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес ала алады.

Кеңес беруге мемлекеттік органдардың, Астана қаласы прокуратурасының және уәкілетті органдардың аумақтық департаменттерінің өкілдері қатысады. Мамандар азаматтардың құқықтық сауалдарына жауап беріп, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіреді.