Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау тәртібі енгізілді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа тетік әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саладағы бақылауды күшейтуге бағытталған.

Лицензиялау ұйымдардың біліктілік талаптарына, кадрлық құрамына, материалдық-техникалық базасына және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды. Бұл көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

Департамент басшысының мәліметінше, қазіргі таңда Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 20-дан астам ұйым жұмыс істейді.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың 18-і лицензия алған. Оның ішінде 7-еуі коммуналдық мемлекеттік мекеме, 11-і үкіметтік емес ұйым. Қазір осы ұйымдарда 7 мыңнан астам астаналық арнаулы әлеуметтік қызмет алып отыр.

Асқар Аймағамбетов лицензиялау жүйесі әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысына ортақ талап енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қызмет сапасын жақсартумен қатар, қызмет алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қызмет алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ саладағы ашықтық пен жауапкершілікті күшейтеді.

Айта кетейік, арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.