Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның Inditex Group компаниясы бас директорының орынбасары – сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Сантьяго Мартинес-Лахе Собредоны қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Inditex Group арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ықпалдастық қазақ-испан қарым-қатынасының маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 60-қа жуық испандық компания жұмыс істейді.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы әлемдегі жетекші ритейлерлердің бірі саналатын Inditex тобының Қазақстандағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспарын қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Президент Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі көлік-логистика торабына айналдыруға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев компания алдағы уақытта елімізде логистикамен ғана шектелмей, тоқыма саласында да қуатты өндіріс орнын құра алады деген сенім білдірді.

Өз кезегінде Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Ол сондай-ақ компанияның бизнесті кеңейтуге қатысты жоспарларымен бөлісті.

Қазіргі таңда Inditex Group құрамына Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti және Bershka сияқты Қазақстандағы сауда желілерінде кеңінен ұсынылған белгілі брендтер кіреді.

Компания Алматы мен Қарағанды әуежайларының базасында өңірлік логистикалық хаб қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.