Тоқаев MSC компаниясының аға вице-президентімен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mediterranean Shipping Company компаниясының аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдады.
Кездесу барысында MSC басшылығымен көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар жүк айналымын арттыруға мүмкіндік беретін контейнерлеу деңгейін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударды.
Президент контейнерлік тасымалдау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Орта дәлізді дамыту Қазақстан үшін стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру бойынша қолға алынған нақты шаралар туралы мәлімет берді.
Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірлесіп, бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету және Құрық портын жаңғырту сияқты негізгі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.