Қазақстан мен Өзбекстан білім беру саласындағы әріптестікті кеңейтеді
Қазақстан Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары барысында елдің Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі Эъзоза Каримовамен кездесті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және алдағы даму бағыттарын талқылады.
Жиын барысында мемлекет басшылары жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде екі ел арасындағы өзара іс-қимыл жүйелі түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл үрдіс, әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп білім беру бағытындағы ынтымақтастықтан көрініс тауып отыр.

Тараптар педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесімен алмасу және екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты кеңейту мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан оқушыларының халықаралық олимпиадаларға, білім беру форумдарына және ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысып жүргені айтылды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.