Астанада балалар мен отбасыларға арналған «Отбасы-Time» фестивалі өтті
Фото: Gov.kz
Астанада балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға және отбасылық демалысты мазмұнды өткізуге бағытталған «Отбасы-Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль жаз бойы, маусымнан тамыз айына дейін жалғасады. Іс-шаралар әр сенбі және жексенбі сайын, сағат 15:00-ден бастап, қалалық саябақтарда ұйымдастырылады. Маусым айында фестивальдің негізгі алаңы ретінде «Жетісу» саябағы белгіленген.
Фестиваль бағдарламасында балалар мен ата-аналарға арналған шығармашылық шеберлік сабақтары, анимациялық және ойын-сауық бағдарламалары, концерттік қойылымдар, би және цирк нөмірлері, сондай-ақ экологиялық іс-шаралар қарастырылған.
«Отбасы-Time» фестивалінің жүргізушісі Гүлден Науырзым жобаның елорда тұрғындары мен қонақтарына арналғанын атап өтті.
«Отбасы-Time фестивалін үшінші жыл қатарынан жүргізіп келемін. Бұл жоба елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Демалыс күндері саябаққа серуендеуге келген ата-аналар мен балалар түрлі ойын-сауық және шығармашылық бағдарламаларға қатыса алады. Балалар үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, аквагрим жасалады. Барлық іс-шара тегін өткізіледі. Фестиваль барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, балалар өз өнерін ортаға салады. Аниматорлар жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік билер ұйымдастырылады. Ата-аналар мен аға буын өкілдері де қатысып, латынамерикалық биді үйренеді. Яғни жоба балаларға ғана емес, бүкіл отбасы мүшесіне арналған. Біз демалыс күндері қала тұрғындарының уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз».
Айта кетейік, фестиваль тамыз айының соңына дейін жалғасады. Шілде және тамыз айларында өтетін алаңдар туралы ақпаратты ұйымдастырушылар қосымша хабарлайды.