Дәрігерге қол көтергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Ақордада медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, медицина саласының маңыздылығына тоқталды.
Президент өз сөзінде медицина қызметкерлеріне күш көрсету фактілеріне қатысты қатаң ұстанымын білдірді.
«Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту – еліміз үшін басым бағыттардың бірі. Дәрігерлердің қауіпсіздігі ерекше назарда болуы тиіс. Осыған байланысты мен биыл жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамда орнығып келе жатқан “Заң мен тәртіп” қағидатына толық сай келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәрігерлердің қоғамдағы рөлін күшейту және олардың қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.