Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдерге арналған бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі 19 шілдеден бастап жұмысын бастайды. Бұл туралы Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін тұтынушылар қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, кез келген сауда нүктесінде бір ортақ QR-код арқылы төлем жасай алады.

«19 шілдеден бастап бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі іске қосылады. Бұл шешім қолма-қолсыз төлемдерді айтарлықтай жеңілдетеді», – деді Ұлттық банк басшысы.

Сонымен қатар ол цифрлық қаржы саласын дамыту аясында Парламенттің қолдауымен құқықтық негіз қалыптасқанын атап өтті. 1 мамырда цифрлық активтер индустриясын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа реттеу тетіктері енгізілген. Бүгінде Ұлттық банктің реттеуші алаңы шеңберінде цифрлық қаржы активтері бойынша 30-дан астам жоба іске асырылуда.

Үкімет қаулысына сәйкес, төлем жүйелерін жаңғырту және мобильді төлемдерді дамыту бағытында жаңа талаптар бекітілген. Бұдан былай төлем карталарымен қатар банкаралық мобильді төлем жүйесі арқылы да есеп айырысу мүмкіндігі кеңейтіледі.

Құжатта бұрын қолданылған «жедел төлемдер жүйесі» атауының орнына «Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі» термині енгізілген. Бұл өзгеріс төлем инфрақұрылымын бірыңғай стандартқа келтіруге бағытталған.

Жаңа қағидалар 2026 жылғы 19 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.

Ұлттық банк өкілдерінің мәліметінше, бірыңғай QR-жүйені енгізу жұмыстары шамамен екі жылға созылған. 2025 жылы техникалық платформа дайын екені хабарланып, бірқатар банктер жүйеге қосыла бастаған. Алайда толық іске қосу үшін банктердің ақпараттық жүйелерін біріктіру және қауіпсіздік талаптарын сәйкестендіру қажет болған.

Реттеуші орган өкілдері жобаның кейінге шегерілуі құқықтық емес, негізінен техникалық үйлестіру мәселелеріне байланысты екенін атап өтті.

Жаңа жүйе елдегі цифрлық төлемдердің дамуын жеделдетіп, банктер арасындағы өзара интеграцияны күшейтуге мүмкіндік береді.