Депутат: балалардың санасын мектептен бұрын TikTok қалыптастырып отыр
Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында балаларға арналған цифрлық контент сапасына қатысты мәселелерді көтерді.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі сапалы контент тапшылығы тек мәдени мәселе емес, ол ұлттық қауіпсіздік пен жас ұрпақтың дүниетанымына тікелей әсер ететін факторға айналып отыр.
«Бүгінде Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі – қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы. Бұл енді жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі. Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек», – деді Данабек Исабек.
Оның айтуынша, жазғы демалыс кезеңінде балалардың интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артып, олар бақылаусыз цифрлық контенттің ықпалына көбірек түседі. Бұл өз кезегінде олардың ойлау жүйесі мен мінез-құлқының қалыптасуына әсер етеді.
Депутат қазіргі таңда қазақ тіліндегі балаларға арналған мультфильмдер мен танымдық жобалардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, шетелдік тәжірибелерге де тоқталды.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады…», – деді ол.
Осыған байланысты ол балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы контентті дамыту бойынша ұлттық деңгейде арнайы стратегия қабылдауды, интернет қауіпсіздігін күшейтуді және зиянды контентті шектеу тетіктерін жетілдіруді ұсынды.