Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, ведомствоның 2026 жылғы қызметі, әскери персоналды әлеуметтік қорғау және Қарулы күштердің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстары жөнінде баяндама тыңдады.

Кездесу барысында министр Қазақстанның жауынгерлік даярлығы, автоматтандырылған басқару жүйелері, цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу жөніндегі шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік және әскери басқару органдары арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Дәурен Қосанов Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын, үшінші контингенттің ротациясының басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы үлесіне халықаралық қоғамдастықтан жоғары баға берілгенін жеткізді.

Министр сонымен қатар әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, сондай-ақ 21-27 маусымда Бурабайда өтетін «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы Дәурен Қосановқа Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру, армияны цифрлық трансформациялау және еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.