БҚО делегациясы Цзиньчжоуда өнеркәсіп пен білім саласында бірлескен жобаларды талқылады
Батыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Ляонин провинциясына жұмыс сапары барысында Цзиньчжоу қаласының мэрінің бірінші орынбасарымен кездесті. Кездесу барысында қала шежіресі, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және бауырлас қалалармен ынтымақтастық мүмкіндіктері жайлы мәліметтер ұсынылды.

Цзиньчжоу өкілі Лю Симиннің айтуынша, қалада өнеркәсіптің 33 саласын қамтитын 1700-ден астам өнім шығарылады.
«Бұл тәжірибе Батыс Қазақстан облысының мұнай-газ саласындағы әлеуетін толықтырады. Біз ресурстарды өндіруден бастап, терең өңдеуге дейінгі барлық өндірістік тізбек бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз», – деді ол.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов Орал мен Цзиньчжоудың бауырлас қалалар мәртебесі өңіраралық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
«Біздің облыс «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды көлік торабы болып табылады. Екіжақты меморандум аясында өндірістік кооперация мен инвестициялық байланыстарды кеңейтуге дайынбыз», – деді ол.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстырды.
«Биыл негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 205 млрд теңгеден асты. Қытайлық компаниялар құны 23 млрд теңгеден асатын «Еуразия» индустриялық-логистикалық хабы мен жел электр стансасын іске қосты. Өзге жобаларды да бірлесе талқылауға ниеттіміз», – деді Ж.Дүйсенғалиев.
Сапар барысында жоғары оқу орындарының проректорлары ғылыми зерттеу, біліктілікті арттыру, академиялық ұтқырлық, қосарланған білім беру бағдарламалары мен инженерлік кадрларды дайындау бағыттарында бірлескен жұмыс мүмкіндіктерін талқылады. Қытайлық тарап Ляонин провинциясының 12 университеті бұл ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесулердің нәтижесінде өңірлер арасындағы экономикалық және білім саласындағы серіктестікті тереңдетуге нақты қадамдар белгіленді.