Президент Асқарбек Ертаевты қабылдап, әлеуметтік қолдау шараларын талқылады
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомствоның 2025 жылғы жұмыстарының қорытындысы мен биылғы бес айдағы әлеуметтік көрсеткіштер туралы есебін тыңдады.
Министрдің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік төлемдер толық көлемде орындалуда.
«2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге жұмсалды. Биылғы бес айда бұл көрсеткіш 2,7 триллион теңгені құрады», – деді Асқарбек Ертаев.
Оның мәліметінше, биыл 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа тартылып, жыл соңына дейін мүгедектікті анықтауға арналған цифрлық талдау жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар, Президент 7 жаңа оңалту орталығын ашып, ерекше қажеттілігі бар жандарға қолжетімділік пен жан-жақты қолдау көрсету міндетін қойды.
Министр халықты еңбекпен қамту көрсеткіштерін де баяндады.
«Ел көлемінде 201 мыңға жуық азамат, оның ішінде 74,9 мың жас жұмыспен қамтылды. Биыл лайықты жалақы төлеп, әлеуметтік аударымдарды үзбейтін тұрақты және орнықты жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға жеткізу жоспарланып отыр», – деді Асқарбек Ертаев.
Жасанды интеллект көмегімен Маңғыстау және Павлодар облыстарында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» пилоттық режимде іске қосылады. Сонымен қатар еңбек қатынастарын реттеу аясында 6,7 миллион электрондық еңбек шарты жасалып, 118 мыңнан астам қызметкер міндетті сақтандырумен қамтылған. Еңбек инспекторларының көмегімен 22 мыңнан аса жұмыскердің құқықтары қорғалды.
Мемлекет басшысы салаға цифрлық шешімдерді енгізу, еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік масылдықпен күрес және мұқтаж жандарға қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Барлық шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет», – деді Президент.