Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Ляонин провинциясы партия комитетінің хатшысы Сюй Куньлиньмен кездесті. Кездесу барысында екі ел көшбасшыларының басшылығымен Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі талқыланды. Қазіргі уақытта өңіраралық байланыстар, соның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар айтарлықтай дамып келе жатқанын атап өтті.

Сюй Куньлинь шақыруды қабыл алғаны үшін ризашылығын білдіріп, былтыр Цзянсу провинциясында басталған екіжақты таныстық нәтижелі өткенін және бұл серіктестіктің алдағы уақытта да тұрақты әрі серпінді жалғасатынына сенім білдірді.

Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвестиция тарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша тапсырмаларын орындау аясында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы мен Қытай Халық Республикасының стратегиялық серіктестігі беки түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша біздің өңір мен Қытай арасындағы сыртқы сауда айналымы 175 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп. Цзянсу провинциясында Халық Үкіметінің төрағасы болғаныңызда сізбен кездесіп, бірқатар бағыт бойынша келісімдерге келген едік. Соның аясында нақты жобалар іске асырылып жатыр. Таяу арада Ляонин провинциясымен де тұрақты байланыс бекиді деген сенім мол», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сондай-ақ Батыс Қазақстанның логистикалық әлеуетін, инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендігін жеткізді.