Оқу-ағарту министрі Аида Балаева қазіргі қолданыстағы мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерден 700-ден астам қателер мен ескертпелер анықталғанын жариялады. Министр бұл мәселені заманауи білім беру стандарттарын сақтау тұрғысынан ерекше маңызды деп атады.

«Қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Оларға техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламасымен үйлеспейтін материалдар, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалар кіреді», – деді Аида Балаева.

Министр атап өткендей, ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдар, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында қарастырылмаған шығармалар және тарихи оқиғаларға қатысты дұрыс емес пайымдар ерекше алаңдаушылық тудырады.

«Бірқатар оқулық белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмаған. Кейбір оқу басылымдары тоғыз жылға дейін елеулі өзгеріссіз қолданылып келген», – деді ол.

Осыған байланысты министрлік оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша:

2026 жылғы 30 тамызға дейін – 3 және 7-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сынып оқулықтары жаңартылады.

«Бұл оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі», – деп түйіндеді Аида Балаева. Министр сонымен қатар оқулық сапасы тек белгілі бір баспалардың мәселесі емес екенін атап өтті.

«Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе. Оқулықтар тек сараптамалық талаптарға сай болмауы тиіс, олар қоғамның, мемлекеттің және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі қажет», – деді министр.