Астанада өңірлік креативті индустрияларды дамытуға арналған Creative Aimaq жобасы бастау алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба Қазақстанның өңірлік шығармашылық әлеуетін көрсетуге және жергілікті брендтер мен мәдени бастамаларды Астана тұрғындары мен қала қонақтарына таныстыруға бағытталған. Іс-шараны Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырады.

Жоба аясында Qazaq Creative Hub алаңында көрмелер, шеберлік сағаттары, мәдени бағдарламалар және жергілікті өндірушілердің өнімдерін таныстыру іс-шаралары өткізіледі.

Алғашқы аптасы Ақмола облысына арналады. 13–14 маусым күндері өңірдің креативті индустрия өкілдері өз өнімдерін, авторлық жобаларын және шығармашылық жетістіктерін елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынады.

Ақмола облысында қазіргі таңда креативті индустрия саласында шамамен 1 мың кәсіпкерлік нысан тіркелген. Өңірдегі дамыған бағыттардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, компьютерлік ойындар шығару, тоқыма және тігін өндірісі, ұлттық киім тігу және кәдесый дайындау бар. Жоба аясында келушілер өңір шеберлерінің бірегей өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болады.