Туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда туризм саласының жалпы табысы 5 трлн теңгеге жетті. Қазіргі уақытта бұл салада 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді, деп хабарлады Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, шетелдік туристер Қазақстанда жұмсаған шығындары 2,9 млрд долларды құрады. Сонымен қатар туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға артып, 1,3 трлн теңгеге жеткен. Салық түсімдері де 18 пайызға өсіп, 630 млрд теңгені құрады.
«Саланы одан әрі дамыту мақсатында осы жылдың наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілуде. Сондай-ақ визит-орталықтардың мәртебесі заң жүзінде бекітіліп, олардың қызметіне қойылатын талаптар нақтыланды. Туристік қызметтердің сапасын арттыру үшін гидтер, экскурсоводтар және туризм нұсқаушыларының жұмысын жүзеге асыру қағидалары бекітіледі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жаңартылған заңнамада балалар туризмі мен экологиялық демалысты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Енді 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктер аумағына тегін кіре алады.