Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлттық банкінің есебін қабылдады
Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк басшылығының 2025 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы есебін тыңдады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясаты бойынша қол жеткізілген нәтижелер, қаржы секторының жай-күйі, алтын-валюта резерві, Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтері, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациясы туралы мәлімет берді.
Президентке былтыр инфляция деңгейі 12,3 пайызға дейін бәсеңдегені баяндалды. Биыл мамыр айының мәліметіне сәйкес, инфляция 10,4 пайызды құрайды. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе инфляцияны баяулатуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі туралы ақпарат ұсынылды. Алтын-валюта резерві 65,4 миллиард долларға жетіп, рекордтық деңгейге көтерілді. Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ активтері 2,7 триллион теңгеге ұлғайып, 25,1 триллион теңгеге жетті.
Цифрландыру және цифрлық жобаларды дамыту бойынша да есеп берілді. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим енгізіліп, оның негізінде нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндер шығару, криптопровайдерлер мен крипто-фиат арналарын ұйымдастыру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба іске асырылды.
Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Бұл жүйеде қауіпсіз биометрия, банкаралық есеп айырысулар, қаржылық ақпарат алмасу, цифрлық теңге, алаяқтықтан қорғау және заманауи цифрлық сервистер сияқты тетіктер біріктірілген.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банкке қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді, Үкіметпен бірлесе инфляцияны тежеу және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау бойынша үйлесімді саясат жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, қаржы нарығындағы озық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту маңызы ерекше атап өтілді.