Ұлттық банктің реттеушілік «құмсалғышында» 30-дан астам криптожоба сынақтан өтуде
Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Инновациялар және цифрлық активтер басқармасының бас маманы Мадияр Қызайбеков «Қазақстандағы криптоиндустрияны дамыту және оны реттеу ерекшеліктері» атты жабық дөңгелек үстелде хабарлағандай, қазіргі уақытта Ұлттық банк реттеушілік «құмсалғышында» 33-тен астам криптожоба сынақтан өтіп жатыр.
Жобалардың қатарында криптотөлемдер, стейблкоин шығару, жылжымайтын мүлік пен бағалы металдарды токенизациялау сияқты бағыттар бар. Сонымен қатар, криптоброкерлік қызметтер, кастодиандық қызметтер, цифрлық активтер платформалары да тестілеуден өткізіліп жатыр, — деді спикер.
Мадияр Қызайбековтің айтуынша, бұл алаң жаңа қаржы өнімдерін заңнамалық өзгерістер енгізілгенге дейін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
«Құмсалғыш» қатысушылары өз бизнес-модельдерінің қаншалықты өміршең әрі тұрақты екенін түсінеді. Тестілеуден кейін олардың көбі толыққанды лицензия алуға ұмтылады».
Оның сөзінше, бұл жобаларға тек финтех-компаниялар ғана емес, дәстүрлі қаржы ұйымдары да қатысуда. Атап айтқанда, екінші деңгейлі 10-нан астам банк, цифрлық қаржы платформалары және халықаралық компаниялар серіктес ретінде тартылған.
Ұлттық банк сарапшыларының пікірінше, цифрлық активтер нарығының дамуы инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтеді, жаңа қаржы құралдарының пайда болуына жол ашады. Сонымен қатар, токенизация арқылы жылжымайтын мүлік, алтын, бағалы қағаздар және өзге де активтерді цифрлық форматта айналымға енгізу мүмкін болады.