Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жарыс боччадан Әлем кубогының кезеңі болып саналады. 24 елден келген параспортшылар бәсекеге қатысып жатыр.

Фото: Gov.kz

Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. ҚР Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев:

«Ең алдымен баршаңызды боччадан Әлем кубогының ашылуымен құттықтаймын! Еліміздің Президенті спортты дамытуға және баршаға тең мүмкіндік қалыптастыруға ерекше мән береді. Бұл жарыс Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Astana 2026 World Boccia Cup елордамызда параспорттың қарқынды дамып келе жатқанын және боччаға деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсетеді. Барлық параспортшыларға сәттілік тілеймін!».

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы турнирге Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея және басқа мемлекеттерден барлығы 90 параспортшы қатысуда. Сондай-ақ делегация мүшелері мен мамандар саны 140-тан асады.

ҚР Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы турнирдің халықаралық маңыздылығына тоқталды.

«Бұл шараға әлемнің 24 елінен қонақтар келді. Атап айтқанда, 90 параспортшы және олардың шамамен 150 өкілі қатысып отыр. Қазақстан, оның ішінде Астана қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген параспортшылардың басын қосқан халықаралық алаңға айналды. Бұл Әлем кубогы 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу кезеңінің бірі саналады. Сондықтан Қазақстан атынан қатысып жатқан 10 спортшы сәтті өнер көрсетіп, Паралимпиадаға шығу мүмкіндігіне ие болады».

Қазақстан құрамасы Әлем кубогында 10 спортшымен бақ сынайды, олардың ішінде BC3 санатындағы қатысушылар бар. Бұл санаттағы спортшылар жарысқа арнайы рампаның көмегімен түседі.

Жекелей жарыстар 3-6 маусым аралығында өтсе, 6-8 маусым күндері жұптық және командалық сайыстар ұйымдастырылады.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz