Ақмола облысында заңсыз киік аулаған Астана тұрғыны ұсталды
Астана қаласының 46 жастағы тұрғыны заңсыз атып алған киік етін квадроцикл арқылы тасымалдаған.
Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 1 маусым күні Целиноград ауданына қарасты Ақмешіт ауылы маңында заңсыз аң аулау фактісі туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жедел жеткен.
Тексеру барысында екі киіктің өлексесі тиелген квадроцикл анықталды.
«Аталған дерек бойынша заңсыз аң аулау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен Астана қаласының 46 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады ведомстводан.
Жыл басынан бері Ақмола облысында заңсыз аң аулауға байланысты екі қылмыстық іс тіркелген. Полиция азаматтарға заңсыз аң аулау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да еске салды.