Қытайда қазақстандық азамат кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды
Қытайда адам өлтірді деген күдікпен қазақстандық азамат ұсталды. Оқиғаға байланысты оның туыстары мәлімдеме жасап, марқұм болған Қытай азаматы қатысқан жанжал өзін-өзі қорғау кезінде болғанын алға тартты. Олар істі объективті қарап, бейнежазбалар мен топтық шабуыл фактісін ескеруді сұрады.
Адам өліміне әкелген төбелеске қатысы бар деген күдікпен ұсталған қазақстандықтың туыстары әділ тергеу жүргізуді сұрады. Туыстарының айтуынша, Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров жанжалдың ортасында қалып, оқиға салдарынан Қытай азаматы көз жұмды.
Отбасы мүшелері қайғылы жағдайдың болғанын жоққа шығармайды, бірақ оқиғаның қалай өрбігеніне назар аудару керектігін алға тартты.
«Біз қайғылы оқиғаның болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ оның қалай болғанын түсіну өте маңызды», — делінген мәлімдемеде.
Туыстары оқиға орнында түсірілген бейнежазбаны негізге ала отырып, Махмұтхан Шерназаровқа бірнеше адамның шабуыл жасағанын атап өтті. Оны топ болып ұрып, оқиға орнынан кетуге мүмкіндік бермеген. Махмұтхан өз өмірін қорғауға мәжбүр болды және оның әрекеттері өзін-өзі қорғау сипатында болған.
Отбасы мүшелері бұл әрекет алдын ала жоспарланған зорлық-зомбылық немесе шабуыл болмағанын, Шерназаров жанжалды өзі бастамағанын атап өтті.
«Ол агрессор емес. Ол өміріне қауіп төнген жағдайда өзін қорғады».
Туыстары Махмұтханның Қытайға жұмыс істеуге барғанын, жанжал іздемегенін, отбасының қамтамасыз етілуі мен болашағын жақсарту үшін барғанын айтты.
«Біз қазір ауыр қайғы, қорқыныш пен белгісіздікті бастан кешіріп жатырмыз. Біз одан алыстамыз және қандай шешім қабылданатынын білмейміз».
Сондай-ақ отбасы құқық қорғау органдары мен қоғамнан істі объективті қарауға жәрдем сұрады. Тергеу барысында бейнежазбалар мен топтық шабуыл фактісі ескерілуі тиіс.
«Біз әділ және объективті тергеу жүргізуге көмектесуді сұраймыз. Бұл оқиға туралы көбірек адам білсе дейміз. Қоғам қолдауы мен жариялылық өте маңызды», — делінген туыстарының үндеуінде.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі істі бақылауға алды. Ведомство ұсталған азаматқа қатысты ресми ақпарат беріп, ҚХР-ның құзыретті органдарына тиісті сұраулар жолдағанын хабарлады. Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр.
«Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», — деп атап өтілді.