Қызылордада оңалту көмегін қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты
Осы жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысындағы күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 3 912 пациент медициналық оңалтудан өтті. Сонымен қатар, 13 789 амбулаториялық оңалту қызметі көрсетілді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы филиалының директоры Жақсылық Әбдусәметов хабарлады.
Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқасында өңірде оңалту көмегін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді.
«Егер 2022 жылы оңалту көмегіне 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі бір жарым еседен астам өсіп, 4,1 млрд теңгеге жетті. Биылғы төрт айда медициналық оңалту қызметін көрсетуге 1,2 млрд теңге бағытталды», — деді филиал басшысы.

Медициналық оңалту пациенттерге ауыр сырқат, жарақат немесе хирургиялық араласудан кейін ағзаның жоғалған функциясын қалпына келтіруге, күнделікті өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді.
«Көптеген адам мұндай көмекті қымбат әрі қолжетімсіз деп есептейді. Алайда медициналық көрсетілім болған жағдайда, ем тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесіне сәйкес тегін жүргізіледі», — деп атап өтті Жақсылық Әбдусәметов.