Астанада шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Су айдындары, әсіресе балалар мен өз мүмкіндігін шамадан тыс бағалайтын адамдар үшін әлі де қауіпті демалыс орындарының бірі болып саналады. Қазіргі уақытта қала мен оның маңындағы су айдындарындағы жағдай тұрақты, жыл басынан бері төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу, қауіпсіздік ережелерін бұзу және балаларды қараусыз қалдыру.

Астана қалалық ТЖД хабарлағандай, «қазіргі уақытта Астана қаласында шомылуға рұқсат етілген 5 орын белгіленген. Оларға “Армина”, “Столичный двор”, “Три пескаря” демалыс аймақтары, Орталық қалалық жағажай және коммуналдық жағажай жатады. Жабдықталған жағажайларда құтқару бекеттері, медициналық пунктер, құтқару құрал-жабдықтары, ақпараттық стендтер, қалқымалы қоршаулар, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін қажет жағдайлар қарастырылуы тиіс».

Алайда, көбісі әлі күнге дейін су түбі тексерілмеген «жабайы» жағажайларды пайдаланады. Онда су астында шыны, арматура, құбырлар, тастар және басқа да қауіпті заттар болуы мүмкін. Мұндай орындарда құтқару мұнаралары мен медициналық көмек көрсетілмейді. Елордада шомылуға тыйым салынған барлығы 21 учаске белгіленген.

Құтқарушылардың айтуынша, жиі кездесетін қателіктер: қалқымалардан асып жүзу, бейтаныс жерлерде суға секіру, балаларды қараусыз қалдыру және қауіпсіздік шараларын сақтамай үрлемелі матрастар немесе дөңгелектерді пайдалану. Көпшілік жеңқап киген немесе үрлемелі дөңгелекпен жүрген бала қауіпсіз болады деп ойлайды, алайда мұндай құралдар толық қорғанысқа кепілдік бермейді, себебі олар аударылып қалуы, ауасы шығып кетуі немесе баланы жағадан алыстатып әкетуі мүмкін.