Блогер және кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болғаннан кейін, көз жұмған клиникаға қатысты тексеру басталды
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сенат кулуарында мәлімдеді.
«Блогер Сәуле Базархан қайтыс болған клиникаға қатысты тексеру басталған. Қазір бұл клиникада арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына тәуелсіз сарапшылар енгізілді. Бұдан бөлек, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің орталық аппаратынан бір маман Алматыға жіберілді. Бүгіннен бастап ресми тексеру басталды. Комиссия істің барлық материалын, науқастың тарихын және құжаттарды толық қарайды», — деді комитет басшысы.
Сонымен қатар, Бауыржан Жүсіпов Маңғыстау облыстық мәслихаты депутатының хабарлауынша, косметологиялық процедура кезінде көз жұмған клиникаға қатысты тексерудің аяқталғанын жеткізді.
«Операция жасалған клиникаға қатысты тексеру аяқталды. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір құқықтық баға беріліп жатыр. Әзірге бұл мәселеге қатысты пікір айта алмаймын. Тиісті қорытындыны құқық қорғау органдары береді», — деп нақтылады комитет басшысы.
Айта кетерлігі, Қазақстанда пластикалық хирургия қызметін көрсетуге 295 ұйымның лицензиясы бар, оның 247-сі — жекеменшік клиникалар. Соңғы 5 жылда түрлі мәселелер бойынша, оның ішінде қызмет сапасына қатысты, 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Тексеру барысында әртүрлі заңбұзушылық анықталып, тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді ведомство өкілі.
Еске салайық, желіде Алматыдағы жеке клиникада жасалған жоспарлы отадан кейін қазақстандық блогер және бизнесвумен Сәуле Базархан қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Бұл қайғылы жағдай туралы әлеуметтік желіде марқұмның келіні хабарлаған.