Балаларыңыздың аккаунттары алаяқтардың қолына түсуі мүмкін
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілерінің көбейіп жатқанын хабарлады. Алаяқтар жасөспірімдерден SIM-карталар мен аккаунттарды алып, оларды өз мақсаттарына пайдаланып жүр. Полиция мұндай әрекеттерді қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қарастыратынын ескертті.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов атап өткендей:
«Кәмелетке толмағандар әлеуметтік желілер мен мессенджер арқылы үшінші тұлғалардың өтініші бойынша SIM-карталарды іске қосып, оларды тіркеп, кейін басқа адамдарға береді. Бұл аккаунттар азаматтарға алаяқтық жасау үшін қолданылуы мүмкін».
Ол сондай-ақ:
«Аккаунттарды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен басқа да заңсыз әрекеттер жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу болып саналады» — деп ескертті.
ІІМ азаматтарға бірнеше кеңес берді:
- Күмәнді SIM-карталар мен құрылғыларды сатып алмаңыз және таратпаңыз;
- Өз аккаунттарыңызды үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеңіз;
- Кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндіріңіз;
- Мессенджерлерде тіркелген нөмірлерді бөгде адамдарға бермеңіз;
- Күдікті әрекеттер байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.
Полиция цифрлық кеңістіктегі барлық қатысушыларға қырағы болуды ұсынады.
Дереккөзі: Egemen.kz