Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәжілістің конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы ақпарат берілді.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей:
«Парламент жаңа Ата заң нормаларын іске асыруға жол ашатын жеті конституциялық заңды сапалы әрі уақтылы қабылдады. Олардың қатарында «Президент туралы», «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» және басқа да заңдар бар. Аталған жұмыс қоғам өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен ашық жүргізілді».
Сессия басталғалы Мәжіліс 89 заң қабылдап, Сенатқа жолдады. Бұлардың қатарында Құрылыс және Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект, банк қызметі, құқықбұзушылықты алдын алу, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер енгізу, мемлекеттік қызмет пен наградалар, ғылым, педагог мәртебесін көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жеке сот орындаушылары қызметі және басқа да нормативтік актілер бар.
Қазір депутаттар 80 заң жобасын қарауда. Олардың ішінде жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты рақымшылық, жол қозғалысын цифрландыру және қауіпсіздік, жергілікті өзін-өзі басқару, телекоммуникация нарығын дамыту, машина жасау саласын дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру, нотариат мәселелері қамтылған.
Ерлан Қошанов сөзінде:
«Сессия соңына дейін Мәжіліс Жоғары аудиторлық палата Төрағасының ғылымды дамытуға бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөніндегі есебін, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы республикалық бюджетті орындау бойынша есептерін және депутаттардың аймақтарға сапары кезінде сайлаушылардан түскен өтініштер жөніндегі Үкімет ақпаратын тыңдауды жоспарлап отыр» — деп мәлімдеді.
Мәжіліс заң шығаруда ашықтыққа және сарапшылармен ынтымақтастыққа ерекше мән береді, Қоғамдық палата отырыстары тұрақты түрде өткізіледі.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламенттік дипломатия бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындылары, атап айтқанда ТүрікПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа халықаралық парламентаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөнінде хабарланды.