Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады.

Президент Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтетін губернатор сапарының символдық мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы сөзінде:

«Сізді жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде танимыз. Көреген басшылығыңыз бен еліңіз үшін ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңіз құрметке лайық. Қазақстан жұртшылығы Сізді мемлекет қайраткері және еліміздің досы, серіктесі деп біледі. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл қос халықтың ынтымағын арттыра түседі», – деді Тоқаев.

Президент Жапонияға былтыр жасаған ресми сапарын еске алып, оның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз», – деді Мемлекет басшысы.

Юрико Коикэ Мемлекет басшысына қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, өз сөзінде:

«Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді», – деді.

Президент пен губернатор цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салалардағы серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: Akorda.kz