Павлодар облысында құқық қорғау органдары заңсыз көші-қон арнасын тоқтатты. Арнайы операция барысында Ресей арқылы Қазақстан аумағына адамдарды жасырын өткізу схемасын ұйымдастырған шетел азаматы қолға түсті.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті мигранттарды тасымалдау үшін MAN маркалы жүк көлігін пайдаланған. Көлікті тексеру кезінде ішінен адамдарды жасырын алып өтуге бейімделген арнайы құпия орын анықталып, автокөлік тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. “Көлік беру және оған қатысты қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша іс тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, ұсталған адамның басқа да осындай әрекеттерге қатысы тексеріліп жатыр”, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қылмыстық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Құқық қорғау органдары бұл іске қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұған дейін Аида Балаева көші-қон саласында бақылау күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, алдағы уақытта заң талаптарын бұзған мигранттар мен жұмыс берушілерге жауапкершілік қатаңдатылып, жүйе барынша ашық әрі басқарылатын форматқа көшіріледі.

Сондай-ақ 2026 жылдың қаңтарынан бастап шетел азаматтарын іріктеу үшін балдық жүйе енгізіледі. Онда мемлекеттік тілді білу деңгейі, цифрлық сауалнама, сұхбат және қосымша тексерулер ескеріледі.