Белгілі кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов қызметкерлеріне 50 пәтер табыстады
Тұрсынғали Алагөзов Шымкент сыра қайнату зауытының 50 жылдығына орай ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлеріне 50 пәтер сыйлады. Қуанышты жаңалықты блогер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желіде жариялады. Пәтерлер зауытта ондаған жыл жұмыс істеген қызметкерлерге берілген.
Кәсіпкер бұл күннің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Алагөзовтың айтуынша, өмірінде ауыр кезеңдерді бастан өткеріп, бір уақытта табысы айына 200 мың теңгеден аспаған кездері болған. “Үш жыл бұрын өте қиын жағдайда қалдым. Бизнесімнен айырылып, табысым айына 200 мың теңге ғана болды. Күнделікті шығынды есептеп, аз ақшамен күн көруге тура келді. Бұл мен үшін өте ауыр кезең еді”, – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ сол уақытта баспанасынан айырылып қалу қаупін де сезінгенін жеткізді.
“Ипотекадағы пәтерімді төлей алмай, күн сайын алаңдап жүрдім. Жалдамалы пәтерде тұрып, қалтамдағы аз қаражатпен өмір сүрген кездерім болды. Сондықтан мұндай жағдайдың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін”, – деді кәсіпкер.
Осы қиындықтардан кейін ол өзіне уәде бергенін айтты. Қазір мүмкіндік болған соң, адамдарға қолдау көрсетуді маңызды деп санайды.
“Егер бизнесімді қайта қалпына келтірсем, міндетті түрде адамдарға көмектесемін деп өзіме сөз бердім. Бүгін сол уәдемді орындап, сіздерге пәтер сыйлағым келеді”, – деді.
Айта кетейік, бұған дейін Тұрсынғали Алагөзов Алматы қаласындағы қызметкерлеріне де 100 пәтер табыстады.