Қазақстанда 448,8 мың адам жұмыссыз жүр

Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2025 жылғы 2 тоқсанда жұмыспен қамту деңгейі халық санына шаққанда 64,6%, жұмыс күшінің санына шаққанда 95,4% болған.
Сарапшылар жұмыспен қамту деңгейін саралағанда 15 жастағы ел азаматтарын қоса есептеген.
Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,3 млн адам еңбек етіп жүр. Оның ішінде:
- Жалдамалы жұмыс — 7,1 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,8%);
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 2,2 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,2%).
Орайы келгенде айта кетелік, 2024 жылғы 2 тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 110,1 мың адамға, жалдамалы қызметкерлердің есебінен 168,3 мың адамға өскен.
Ұлттық статиститка дерегі
Жұмыспен қамтылғандардың үлесі қандай?
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі саудада — 17,1%, кейін білім беру саласында — 13,1%. Сонымен қатар өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,8%) салаларында байқалды.
Негізгі жұмыстағылар аптасына 39 сағат, жалдамалы қызметкер 40 сағат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкер 36 сағатты жұмыс істеген.
2025 жылдың екінші жартыжылдығында жұмыссыз жүргендер саны 448,8 мың адам болды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,2 мың адамға қысқарған.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, екінші тоқсан көрсеткіші бірінші тоқсанмен салыстырғанда кеміген. Жұмыссыздар саны 2,7 мың адамға азайған.