Шымкент мұнай өңдеу зауыты үлкен спорт кешенінің құрылысын бастады

фото: ҚазМұнайГаз
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің (ПҚОП, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) қолдауымен Шымкент қаласындағы зауытқа жақын орналасқан Бадам-1 тұрғын алабында 300 адамға арналған жаңа жабық әрі әмбебап спорт кешені салына бастады.
Компания қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосып келеді деп хабарланды.
Жаңа нысанда аудан тұрғындары үшін спортпен айналысуға, жаттығу мен жарыстар өткізуге қолайлы жағдай жасалады. Кешенде баскетбол, волейбол және шағын футболға арналған алаң, жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері бар шаруашылық-әкімшілік корпус, сондай-ақ көлік тұрағы көзделген.
«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, ірі нысан бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы әрі заман талабына сай жабдықталады.
Орайы келгенде айта кетелік, ҚазМұнайГаз еліміздегі әлеуметтік саясатқа да жауапкершілікпен қарайды. Компания өз қызметін жүргізетін бірқатар өңірде халық қолданысына жарамды жобаларды үнемі жүзеге асырып келетіні хабарланған.
Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту ісінің де ілгерілегені айтылды.
«Өзенмұнайгаз» АҚ техникалық-материалдық базаны нығайтқан, Өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуды көздеп, мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсартуды ішкі саясатына өзек еткен.
Атқарылған істер нәтижесінде скважиналарды жерасты және күрделі жөндеу автопаркі заманауи мобильді кешендермен толықты. Биыл Өзен және Қарамандыбас кен орындарында еңбек ететін мұнайшылар үшін 10 вагон пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы 5 вагон алу жоспарланып отыр, — дейді компания.