Alatau City жобасының Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуы аяқталды. Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен кездесулер нәтижесінде жалпы инвестициялық әлеуеті 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация еуропалық инвесторларға жаңа қаланың даму тұжырымдамасын таныстырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және технологиялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өтті. Мұнда халықаралық банктердің, инвестициялық ұйымдар мен ірі компаниялардың өкілдері қатысқан Alatau City Investment Round Table дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақмерзімді капитал тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылды.

Қанат Бозымбаев қатысушыларға Alatau City жобасын дамытудың стратегиялық басымдықтары мен Қазақстан және Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды.

Ал Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қаланың даму тұжырымдамасы, негізгі бағыттары және халықаралық инвесторларға ұсынылатын жағдайлар туралы баяндады.

Франкфурттағы келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – Alatau City жобаларына банктік қаржыландыру тарту жөніндегі келісімдер.

Тиісті құжаттарға Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен мемлекеттік даму банкі KfW қол қойды.

Ынтымақтастық аясында инвестициялық жобаларды қаржыландыру және неміс өндірісінің жабдықтарын сатып алу мүмкіндіктері қарастырылып отыр.

Сонымен қатар қазақстандық делегация WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Тараптар инженерлік және сервистік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау технологияларын енгізу және инвестициялық консалтинг саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Берлин мен Франкфурт қалаларында өткен Германиядағы роуд-шоу кезеңінің қорытындысы бойынша инвестициялық әлеуеті 715 миллион доллар болатын 18 келісімге қол қойылды.

Ал Лондон, Берлин және Франкфурт қалаларын қамтыған Еуропалық роуд-шоудың жалпы нәтижесінде 27 коммерциялық құжат рәсімделді. Олардың жиынтық инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асады.

Келісімдер қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беруді, машина жасауды, денсаулық сақтауды, туризмді және цифрлық экономиканы қамтиды.

Бұл ретте көрсетілген 2 миллиард доллар нақты игерілген инвестиция көлемі емес, қол қойылған құжаттар аясындағы жобалардың инвестициялық әлеуетін білдіреді. Қаражаттың нақты тартылуы жобаларды қаржыландыру шарттары мен олардың іске асырылуына байланысты болады.

Еуропада өткен инвестициялық кездесулер Alatau City жобасына халықаралық қаржы институттары мен технологиялық компанияларды тартуға, сондай-ақ жаңа қаланың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы серіктестікті кеңейтуге арналған.