Қазақстандық ғалымдар АҚШ-тың Гарвард университетіне жасаған ғылыми іссапары барысында Орталық Азия тарихына қатысты сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттарды зерттеді. Атап айтқанда, Хоутон кітапханасының қорында сақталған 1599–1742 жылдарға жататын жеті тарихи акт зерделенді.

Зерттелген құжаттар Яркенд хандығы мен Шығыс Түркістандағы мемлекеттік басқару жүйесі, жер қатынастары, тархандық және сойырғал беру дәстүрлері туралы құнды мәліметтерді қамтиды.

Ғылыми іссапар «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздегі қолжазбалар мен сирек кітаптарды жүйелі есепке алу, қалпына келтіру, ғылыми сипаттау және цифрландыру арқылы ұлттық жазба мұраны сақтау.

Жобаны «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны үйлестіреді. Оны жүзеге асыруға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Astana IT University қатысуда. Ал Гарвард университетінің Дэвис атындағы Ресей және Еуразияны зерттеу орталығы халықаралық ғылыми серіктес ретінде қолдау көрсетіп келеді.

АҚШ-қа ұйымдастырылған ғылыми сапарға Ахмет Ясауи университетінің алты зерттеушісі және «Ғылым ордасының» алты өкілі қатысты. Олардың қатарында Орталық ғылыми кітапхананың төрт маманы бар.

Іссапар барысында қазақстандық ғалымдар Гарвард университеті мен АҚШ Конгресі кітапханасының қорларында деректану және библиография бағыттары бойынша зерттеу жүргізді.

Мамандар ортағасырлық Орталық Азия тарихына қатысты жазба деректерді, мәмлүк-қыпшақ мұраларын, Жошы Ұлысы кезеңіндегі ескерткіштерді, шағатай тіліндегі қолжазбалар мен парсы тіліндегі шежірелерді іздестірді.

Зерттеу барысында Гарвардтың Хоутон кітапханасындағы «Central Asian documents» (MS Turk 70) жинағында сақталған жеті тарихи акт қарастырылды.

Аталған құжаттар Орталық Азиядағы мемлекеттік басқару қатынастарын, тарихи іс жүргізу дәстүрлерін және сол кезеңде қолданылған терминологияны зерттеу үшін маңызды дереккөз саналады.

Ғалымдар зерттеу тақырыбына қатысты 22 библиографиялық жазбаны салыстырып, тарихи деректерді каталогтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері бойынша 70 ғылыми және анықтамалық материалдан тұратын библиографиялық тізім дайындады.

Сонымен қатар қазақстандық мамандар Гарвард университетінің Widener, Houghton және H.C. Fung кітапханаларында, сондай-ақ Harvard Library Information and Technical Services бөлімшесінде болды.

Мұнда олар сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және зерттеушілерге қолжетімді ету тәжірибесімен танысты.

Жинақталған тәжірибе Қазақстандағы түркі жазба ескерткіштерін зерттеу жұмыстарын жетілдіруге, шағатайтану бағытындағы білім беру бағдарламаларын дамытуға және жас ғалымдардың кәсіби даярлығын арттыруға пайдаланылмақ.

Ғылыми сапар аясында Дэвис орталығында «From Shelves to Scholarship» атты семинар да өтті. Онда қазақстандық зерттеушілер ұлттық қолжазба мұрасын сақтау және цифрландыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.

«Ғылым ордасы» бас директорының орынбасары Азамат Нұршановтың мәліметінше, 2026 жылғы қазан айының басындағы жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде 1 510 қолжазба мен сирек кітап цифрландырылған.

Сонымен қатар араб графикасындағы 417 сирек кітап ғылыми өңдеуден өткен.

Семинар барысында бағдарлама орындаушысы Айнұр Әбіш қазақ тілінің грамматикасына арналған ғылыми зерттеуін ұсынды.

Іссапар кезінде Гарвард университетінің Дэвис орталығының өкілдерімен және ғылыми бағдарлама жетекшілерімен кездесулер ұйымдастырылды. Тараптар қолжазбаларды бірлесіп зерттеу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және академиялық алмасуды жалғастыру мәселелерін талқылады.

Қазақстандық делегацияны Гарвард университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі вице-провосты, профессор Марк К. Эллиотт қабылдады.

Кездесу барысында оған Ахмет Ясауи университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Жошы Ұлысына қатысты ресми жазбалар» жинағы сыйға тартылды.

Ғылыми іссапар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Зерттеу нәтижелері Қазақстанның тарихи жазба мұрасын ғылыми айналымға енгізуге, халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге және Орталық Азия тарихына қатысты жаңа зерттеулер жүргізуге негіз болмақ.