Алматы облысында дәрігерлер екі ағайындының ағзасынан 32 магнит алып шықты
Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері магнит жұтып қойған 7 және 4 жастағы екі ағайындыға сәтті ота жасады. Хирургиялық араласу барысында балалардың асқазан-ішек жолдарынан барлығы 32 магнит алынды.
Балалар ауруханаға іштері үздіксіз ауырып, мазасызданғаннан кейін жеткізілген. Медициналық тексеру кезінде олардың асқазан-ішек жолдарында бірнеше магнит бары анықталды. Дәрігерлер жағдайдың қауіпті екенін ескеріп, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады.
Төрт жасар баланың асқазаны мен аш ішегінің әртүрлі бөліктерінен 29 магнит табылған. Оның 15-і асқазанда, қалған 14-і аш ішекте орналасқан.
Магниттер әртүрлі бөліктерде жатқанына қарамастан, бір-біріне тартылып, ішекті қысып тұрған. Мұндай жағдай ішек қабырғасының зақымдануына және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Операция кезінде хирургтер барлық магнитті алып шықты. Сонымен қатар баланың ішегінде анықталған туа біткен қалта тәрізді өсінді – Меккель дивертикулы да алынып тасталды.
Ал жеті жасар баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған үш магнит анықталды.
Дәрігерлер лапароскопиялық операция жасап, арнайы хирургиялық тәсіл арқылы магниттерді соқыр ішек тұсына жылжытып, сол жерден алып шықты.
Бұл әдіс ішекті тікелей кесіп ашпай, бөгде заттарды алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ операциялық тіліктің көлемін азайтып, ішектің қосымша зақымдану қаупін төмендетуге бағытталған.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, ағайынды балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған.
Ата-аналары дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінген. Балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен бес сағат өткен соң ауруханаға жеткізілген.
– Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Себебі магниттер ішектің әртүрлі бөліктерінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып қалуы мүмкін. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек зақымдануы, тіпті тесіліп кетуі ықтимал, – деді Асқар Қаназов.
Хирург мұндай жағдайда медициналық көмекті кешіктіру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
– Бұл балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен 5 сағат өткен соң ауруханаға түсті. Олардың уақытылы жеткізілуі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында қауіптің алдын алдық, – деді дәрігер.
Операциядан кейін екі бала да толық медициналық тексеруден өтті. Олардың ағзасынан қосымша магниттер анықталған жоқ.
Дәрігерлердің мәліметінше, ағайынды балалар емнен кейін сауығып, тоғыз күннен соң үйлеріне шығарылды.
Мамандар ата-аналарға магнитті конструкторлар мен ұсақ магнит бөлшектері бар ойыншықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін ескертеді.
Дәрігерлердің айтуынша, магнит жұтқан балада алғашқы уақытта ешқандай белгі байқалмауы мүмкін. Алайда кейіннен іштің ауыруы, кебуі, жүрек айнуы, құсу, тәбеттің төмендеуі, дене қызуының көтерілуі және үлкен дәреттің бұзылуы сияқты белгілер пайда болуы ықтимал.
Сондықтан бала магнит жұтып қойды деген күдік туындаса, оның жағдайы қалыпты болып көрінсе де, үйде бақылап, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.