Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мектеп менторларына арналған семинар-практикумдар ұйымдастырылып жатыр. Оқытудың негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқу белсенділігін арттыру және олардың тұрақты оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жұмысты жетілдіру.

Іс-шараларды Астана қаласындағы «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, елорда әкімдігінің қолдауымен өткізуде.

Алғашқы семинарлар 30 қазанда Байқоңыр және Сарыарқа аудандарындағы мектептердің өкілдері үшін ұйымдастырылды. Алдағы күндері осындай оқыту кездесулерін елорданың барлық ауданындағы мектептерде өткізу жоспарланып отыр.

Семинарлар «Ментор қызметін ұйымдастырудың басқару тетіктері мен алгоритмдері» тақырыбына арналған. Бағдарлама менторлардың жұмыс тиімділігін арттыруды, кітап оқу марафонына қатысушыларды қолдаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруды және оқушылардың нәтижелерін бақылауға арналған практикалық құралдарды меңгертуді көздейді.

Оқытудың басты ерекшелігі – теориялық мәліметтермен қатар, нақты жұмыс жағдайларына негізделген тәжірибелік тапсырмалардың берілуі.

Осы мақсатта семинарға психолог Бұлбұл Мұсирәлина шақырылды. Ол қатысушылармен психологиялық жаттығулар өткізіп, олардың коммуникациялық дағдыларын дамытуға, өзара әрекеттесу ерекшеліктерін түсінуге және түрлі жағдаяттарды талдауға көмектеседі.

Практикалық бөлімді Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев жүргізеді.

Қатысушылар ментор жұмысының алгоритмдерімен танысып, рөлдік тапсырмаларды орындайды және жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырады.

Семинарларда оқушылармен, педагогтермен және ата-аналармен тиімді байланыс орнату, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және оқылған шығармалар бойынша пікірлердің уақытылы жариялануын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар менторлардың жұмыс нәтижесін бағалау және оқу белсенділігі төмендеген оқушыларға жеке қолдау көрсету тәсілдері талқыланады.

Жақсыбай Боранбаевтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты мектептердің қатысуын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – оқушылардың кітап оқу дағдысында нақты өзгерістерге қол жеткізу.

– Ментор әр қатысушымен қалай жұмыс істеу керектігін түсініп, белсенділіктің төмендеу себептерін анықтап, қажетті қолдау көрсетіп, оқушыны нақты нәтижеге дейін сүйемелдеуі керек. Сондықтан біз практикалық алгоритмдерге және мамандар күнделікті жұмысында кездесетін жағдаяттарды талдауға басымдық беріп отырмыз, – деді Жақсыбай Боранбаев.

Семинар-практикумдардың қорытындысы бойынша мектеп менторларының жұмысын үйлестіруді күшейту, марафон қатысушыларын қолдау жүйесін жетілдіру және тапсырмалардың уақытылы орындалуын бақылау көзделіп отыр.

Ұйымдастырушылар «Кітап оқитын ұлт» жобасының тиімділігін тек қатысушылар мен өткізілген іс-шаралар санымен бағалау жеткіліксіз екенін атап өтті.

Олардың пікірінше, негізгі көрсеткіш – кітапты тұрақты оқитын, оқыған шығармасын талдай алатын және әдебиетке қызығушылығы қалыптасқан оқушылардың үлесін арттыру.

Жоба аясындағы оқыту жұмыстары мектептерде кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқушылардың әдеби шығармаларды саналы түрде қабылдауына жағдай жасауға бағытталған.