Алатауда Iconic Complex инвестициялық жобасын іске асыру басталды
Алатау қаласында Iconic Complex көпфункционалды кешенін іске асырудың басталуына арналған салтанатты рәсім өтті. Жоба кеңсе үй-жайларын, апартаменттерді, қонақүйді, сауда орталығын және қоғамдық кеңістіктерді салуды көздейді. Кешен қаланың қалыптасып келе жатқан іскерлік орталығының негізгі нысандарының біріне айналады.
Iconic Complex-тің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірледі. Жобаның бас мердігері ретінде қытайлық China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы мәлімделді.
Iconic Complex жобасы 2026 жылғы 2 маусымда Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынылды. Оны іске асыру Алатауды экономикалық өсудің, инвестициялар тартудың және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа орталығы ретінде дамыту жөніндегі ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
Рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, CSCEC International директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо, SOM сәулет бюросының еуропалық практикасының жетекшісі Габриэле Пасколини, Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі Юрий Цхай қатысты. Сондай-ақ рәсімге мемлекеттік органдардың, Alatau City Authority, Caspian Group, халықаралық компаниялардың және жұртшылықтың өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев жобаның қаланы дамыту үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасына, сейсмикалық қауіпсіздікке және энергия тиімділігіне қойылатын талаптардың сақталуы қажеттігін баса айтты. Қазақстандық компаниялар мен мамандарды тартуға, жергілікті құзыреттерді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылды.

«Бүгін біз Алатау қаласын дамытудағы маңызды белеске жетіп отырмыз. Iconic Complex жобасы іске асыру кезеңіне өтіп, қаланың жаңа бейнесінің бір бөлігіне айналады. Кешен Алатаудың танымал нысандарының бірі және біз қалыптастырып отырған заманауи қалалық ортаның үлгісі болады деп күтілуде», – деді Қанат Бозымбаев.
Iconic Complex-тің сәулеттік тұжырымдамасы Іле Алатауының табиғи ландшафтынан шабыт алған. Ғимараттардың пішіндері мен қасбеттік шешімдері тау жоталарының, жартасты массивтердің және мұздықтардың сұлбасын бейнелейді. Кешеннің орталық элементтері биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара болады. Жобада сондай-ақ кешеннің іскерлік және тұрғын бөліктерін біріктіретін қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.

CSCEC жобаға биік ғимараттар мен ірі көпфункционалды нысандарды салудың халықаралық тәжірибесін әкеледі. Компания Iconic Complex құрылысына қатысуды Алатауды дамытудағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыты деп қарастырады.

«CSCEC International үшін Алатаудағы Iconic Complex жобасы стратегиялық маңызы бар басым жобаға айналады. Біз оны ең жоғары стандарттар бойынша іске асырып, үздік командалар мен ресурстарды тартамыз. Жобаның барлық қатысушыларымен бірге ұлттық маңызы бар жаңа сәулеттік көрікті нысанды жасауды көздеп отырмыз», – деді CSCEC International директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо.
Iconic Complex-ті іске асыру Алатауды дамытуды басқару мен реттеудің жаңа жүйесі қалыптасып жатқан кезде жүргізілуде. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес қалада инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасауды көздейтін арнаулы құқықтық режим қолданылады.
Осы жүйе шеңберінде Alatau City Authority заңнамада көзделген қаланы дамыту, инвестициялық ортаны қалыптастыру және инвестициялық жобалардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.
Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі, Caspian Group директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic Complex-ті іске асырудың басталуы жаңа қаланы дамыту жөніндегі дәйекті жұмыстың нәтижесі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау, арнаулы құқықтық режимнің қалыптасуы және халықаралық ынтымақтастықтың дамуы концептуалдық жоспарлаудан нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға көшу үшін жағдай жасайды.
Іс-шара барысында қаржыландыру және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов ұзақ мерзімді жобаларды іске асырудағы институционалдық инвесторлардың рөлін және қазақстандық және халықаралық серіктестердің ынтымақтастығының маңызын атап өтті.
«Ұлттық Банк Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы осы жобаны іске асыруға қатысып, Алатау қаласын дамытуға үлес қосуда. Біздің жобаға қатысуымыз ел үшін маңызды бастамаларды қолдаудағы және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін отандық және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудегі қазақстандық институционалдық инвестордың рөлін көрсетеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Жобаны бастамашылардың мәліметі бойынша, Iconic Complex-ке жоспарланған инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады. Құрылысты аяқтау 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Алатаудың іскерлік орталығын дамыту қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын құрумен өзара байланыста жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, сумен жабдықтау нысандарын салу және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымды дамыту жаңа инвестициялық алаңдарды қамтамасыз етуге де, халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға да бағытталған.
Iconic Complex Алатау аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық бастамалардың қатарына кіреді. Тұтастай алғанда, қаланың инвестициялық портфелі жалпы жоспарланған инвестиция көлемі 6,9 млрд АҚШ доллары болатын 67 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру шамамен 55 мың жұмыс орнын құру әлеуетін көздейді.