Kraken криптоплатформасы Қазақстан нарығына шығу үшін алдын ала мақұлдау алды
Фото: Gov.kz
Халықаралық Kraken криптоплатформасы Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шығу бағытында маңызды қадам жасады. Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау алды.
Бұл туралы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында өткен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Kraken компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Риплидің кездесуінен кейін белгілі болды.

Фото: Gov.kz
Келіссөз барысында тараптар Қазақстандағы цифрлық активтер нарығын дамыту, заманауи қаржылық технологияларды енгізу, реттеу тетіктерін жетілдіру және халықаралық тәжірибені пайдалану мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға, блокчейн технологияларын енгізуге және қаржылық қызметтердің жаңа бағыттарын қалыптастыруға арналған.
Сонымен қатар тараптар дәстүрлі банк инфрақұрылымын цифрлық активтер нарығымен ықпалдастыру, білім беру бастамаларын жүзеге асыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр.
Kraken компаниясының AFSA-дан алған алдын ала мақұлдауы лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі болып саналады.
Бұл шешім компанияның Қазақстанда қызметін толық бастағанын білдірмейді. Белгіленген реттеушілік талаптар орындалғаннан кейін ғана Kraken АХҚО юрисдикциясында тиісті қызметін жүзеге асыра алады.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов халықаралық криптокомпаниялармен ынтымақтастықтың отандық цифрлық экономика үшін маңызын атап өтті.
– Біздің міндетіміз – халықаралық компаниялар озық технологиялық шешімдерді енгізе алатын, ал азаматтар мен бизнес заманауи қаржылық қызметтерге қол жеткізетін ашық, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді Ғиззат Байтурсынов.
Вице-министрдің айтуынша, Kraken компаниясымен жасалған меморандум халықаралық тәжірибе алмасуға, блокчейн технологияларын дамытуға және Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Payward компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Рипли де Қазақстандағы цифрлық активтер индустриясының даму мүмкіндіктеріне тоқталды.
Ол AFSA-ның алдын ала мақұлдауын Payward компаниясының Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең деп бағалады.

Фото: Gov.kz
– Біз мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз және цифрлық активтердің қауіпсіз, ашық әрі инновациялық экожүйесін дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастыққа сенім артамыз, – деді Дэвид Рипли.
Алдағы уақытта Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін қолайлы реттеушілік және технологиялық орта қалыптастыру жұмыстарын жалғастырмақ.
Бұл бағытта халықаралық компанияларды тартуға, блокчейн технологияларын экономиканың түрлі салаларында қолдануға және қаржылық инновацияларды дамытуға басымдық берілмек.
Айта кетейік, Kraken – 2011 жылы АҚШ-та құрылған халықаралық криптовалюта платформаларының бірі. Компания жеке және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметтерін ұсынады.
Kraken платформасын Payward компаниялар тобы басқарады. Компания Солтүстік Америка, Еуропа және басқа да өңірлерде жұмыс істейді.
Қазақстанмен жасалған келісім цифрлық қаржы нарығындағы халықаралық әріптестікті кеңейтуге және елімізде блокчейн технологияларын қолдану мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.