Қазақстанда оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және әдеби шығармаларға қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарының жалпы кітапхана қоры 142 миллион дананы құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдан бері «Балалар кітапханасы» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, әдебиетке сүйіспеншілігін қалыптастыруға және сапалы кітаптармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарындағы кітапхана қорының 29 миллионнан астам данасын көркем әдебиет шығармалары құрайды. Соңғы жылдары мектеп кітапханалары қосымша 1,6 миллион көркем әдебиет кітабымен толықтырылған.

Фото: Gov.kz

Сонымен қатар еліміздің мектептері мен колледждерінде 1 956 кітапханалық коворкинг орталығы жұмыс істейді.

Бұл кеңістіктерде оқушылар кітап оқумен қатар, әдеби кездесулерге, шығармаларды талқылауға және түрлі зияткерлік іс-шараларға қатыса алады.

Кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында цифрлық мүмкіндіктер де кеңейтіліп жатыр.

Фото: Gov.kz

Атап айтқанда, edu.bookfund.gov.kz электрондық кітапхана платформасында қазақ және әлем әдебиетінің 2 580 кітабы қолжетімді.

Сондай-ақ 2026 жылғы ақпан айынан бастап оқушылардың оқу сауаттылығын бақылауға арналған Oqyrman.kz ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келеді.

Аталған жүйе білім алушылардың кітап оқу белсенділігін бақылауға және оқыған шығармаларын түсіну деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Балаларды әдебиетке баулуға бағытталған республикалық жобаларға қатысушылар саны да артып келеді.

Фото: Gov.kz

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының «Оқитын мектеп» бағыты бойынша 680 мыңнан астам қатысушы тіркелген.

Жоба аясында оқушылар көркем әдебиет шығармаларын оқып, мәтінді түсіну деңгейін тексереді және зияткерлік жарыстарға қатысады.

Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан бастамалар оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруға, әдебиетке деген қызығушылығын күшейтуге және олардың зияткерлік дамуына жағдай жасауға бағытталған.