Қазақстан мен БҰҰ өкілдері балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын талқылады
Фото: Gov.kz
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды.
Осы бағыттағы жұмыстар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесуінде қаралды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты.

Фото: Gov.kz
Кездесу барысында Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Фото: Gov.kz
Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және олардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық әрі институционалдық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Фото: Gov.kz
Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылды.
Тараптар балаларды қорғау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өңірлік бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын жетілдіру, сондай-ақ психологиялық қолдау орталықтарының қызметін күшейту мүмкіндіктері талқыланды.
Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау және оларға қажетті қолдауды уақтылы көрсету үшін жауапты мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту мәселелері қарастырылды.

Фото: Gov.kz
Кездесуде білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балаларға қолдау көрсету тетіктерін дамыту бағыттарына да көңіл бөлінді.
Сондай-ақ балалардың қиын жағдайға тап болған кезде көмекке жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қозғалды. Бұл бағытта «111» байланыс орталығының қызметіне ерекше назар аударылды.
Кездесу Қазақстан мен БҰҰ арасындағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жетілдіруге арналды.