Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірледі.

Ведомствоның мәліметінше, өзгерістер мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге және рәсімдерді жеделдетуге бағытталған.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, жаңа түзетулер аясында артық рәсімдер қысқарады.

– Мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді алуды жеңіл әрі жылдам ету.

Мәселен, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті болмайды. Ол үшін енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат жеткілікті.

Жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне де өзгеріс енгізіледі.

Егер азамат емтиханды бірінші рет тапсыра алмаса, келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады.

Ал екінші рет сәтсіздікке ұшыраған жағдайда дайындалуға 10 күн беріледі.

Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған азамат сол емтиханды кейін қайта тапсыру үшін ақы төлейді.

ІІМ бұл шара емтиханға қосымша дайындалу қажеттілігімен байланысты екенін түсіндірді.

Сонымен қатар теориялық емтиханды сәтті тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмаған жағдайда теориядан алған нәтиже сақталады.

Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру тәртібі де нақтыланады.

Ол үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет.

Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган жүргізуші куәлігін берген елге ресми сұрау жібереді.

Куәліктің түпнұсқа екенін сол елдің құзыретті органы растағаннан кейін ғана құжат ауыстырылады.

ІІМ бұл талап жалған құжаттардың алдын алу үшін енгізіліп отырғанын атап өтті.