Жамбыл ауданында 400 басқа арналған сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын
Алматы облысы Жамбыл ауданында 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы 95 пайызға аяқталды.
Ауданда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
2026 жылдың сегіз айында салада 49 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Оның ішінде 10 мың тоннадан астам ет, 23 мың тоннадан астам сүт өндіріліп, жұмыртқа көлемі 60 млн данаға жетті.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 702 гектарға артық.
Сонымен қатар жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жалпы көлемі 9 мың гектар болатын 27 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аудан басшысының айтуынша, сүт өндірісін дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Үңгіртас ауылындағы «Хеппи Фарм» шаруа қожалығы 1,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысын 95 пайызға аяқтады.
Қазіргі уақытта шаруашылықта 35 адам жұмыс істейді.
Фермада тәулігіне 4-5 тонна сүт өндіріліп, өнім «ФудМастер» және «Milk Day» компанияларына өткізіледі.
Сондай-ақ Ақсеңгір ауылдық округінде «ГенаФонд» ЖШС-нің 600 басқа арналған сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі дайындық деңгейі 75 пайызға жеткен.
Бұдан бөлек, «Көк теңіз» ЖШС жүгеріні қайта өңдеу және құрама жем өндіру бағытындағы жұмыстарды қолға алған.
Ауданда су ресурстарын үнемдеу мәселесіне де басымдық берілген.
Жалпы 22,7 мың гектар суармалы жердің 15,3 мың гектарында су үнемдеу тәсілдері қолданылады.
Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.