Жамбыл ауданында биыл 4,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады
Алматы облысы Жамбыл ауданында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2026 жылы аудан бойынша 4 472 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Ертас баспасөз мәслихатында айтты.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша ауданда 3 515 жұмыс орны құрылды.
Бұл жылдық жоспардың 79 пайызын құрайды.
Қазіргі уақытта Жамбыл ауданында 12 487 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Бұл салада 23 930 адам еңбек етеді.
Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 649 адамға артқан.
Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 4,8 млрд теңге салық түсті.
Аудан әкімінің айтуынша, ауылдардағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін «Бір ауыл – бір жоба» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
– Бағдарлама аясында ауданның 24 елді мекенінде 62 жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалардың жалпы құны – 8,1 млрд теңге. Олардың толық жүзеге асуы нәтижесінде 1 110 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде ірі инвестициялық жобалардың да маңызы зор.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.
Сондай-ақ бұл отбасылық табыстың артуына және бюджет кірісінің өсуіне мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта аудан экономикасын әртараптандыруға, ауылдарда шағын өндірістер ашуға және тұрғындардың өз кәсібін бастауына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі.