Астана тұрғындары Республика күнін 25 шақырымдық онлайн-марафонмен атап өте алады.

«25 қазан – 25 шақырым» атты онлайн-марафонды Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Спорт басқармасы қазақстандық AI SPORT технологиялық платформасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Іс-шара Республика күніне және Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай өткізіледі.

Марафон шарты бойынша қатысушылар жеті күн ішінде жаяу жүріп немесе жүгіріп, жалпы 25 шақырымды еңсеруі керек.

Онлайн-марафонның басты ерекшелігі – ортақ маршрут пен бастау нүктесінің болмауы.

Қатысушыларға бүкіл қашықтықты бір күнде еңсеру міндеттелмейді.

Әр адам жеті күн бойы қай жерде, қай уақытта және қанша шақырым жүріп немесе жүгіретінін өзі таңдай алады.

Бұл таңертең саябақта жүгіру, кешкі серуен немесе қала ішіндегі күнделікті жаяу жүретін бағыт болуы мүмкін.

Басты талап – жеті күн ішінде жалпы 25 шақырымды еңсеру.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиеваның айтуынша, цифрлық технологияларды пайдалану бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарды белсенді өмір салтына тартуға мүмкіндік береді.

– Онлайн формат елорда тұрғындарына спорттық іс-шараларға өтетін орны мен уақытына қарамастан қатысуға мүмкіндік береді. Марафонның басты ерекшелігі – әр қатысушы өзінің физикалық белсенділігін өз бетінше жоспарлай алуында.

Оның сөзінше, 25 шақырымды бір күнде жүріп өту міндетті емес. Қатысушы қашықтықты марафонның барлық кезеңіне бөліп, өзіне қолайлы қарқын мен жүктемені таңдай алады.

– Біздің мақсатымыз – Астана тұрғындарын осы бастамаға барынша көптеп қатыстыру және Республика күнін денсаулыққа пайдалы іспен атап өтуге ынталандыру. Белгіленген қашықтықты сәтті еңсерген барлық қатысушыға марафон талаптарын орындағанын растайтын электронды сертификат беріледі. Медаль табыстау қарастырылмаған.

Марафонға Астананың 18 жасқа толған тұрғындары қатыса алады.

Ол үшін AI SPORT қосымшасын жүктеп, тіркеліп, онлайн-марафонға қосылу қажет.

Әр серуен немесе жүгіру алдында қатысушы GPS-трекерді іске қосады.

Трекер жүріп өткен бағыт пен қашықтықты тіркейді.

Жаттығу аяқталған соң нәтиже қосымшада сақталып, қатысушылардың ортақ кестесінде көрсетіледі.

Бұл технология спорттық белсенділікті қатысушыларды бір жерге жинамай-ақ қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.

Көлікпен жүріп өткен жол есепке алынбайды.

Ұйымдастырушылар қатысушыларды ынталандыру үшін қосымша сыйлықтар да қарастырған.

Марафон шарттарын орындағандар арасында 10 сыйлық пен жүлде ойнатылады.

Олардың қатарында құлаққаптар, «Алиса» ақылды колонкалары және AI SPORT символикасы бар фирмалық маскоттар бар.

Жеңімпаздар Instagram желісіндегі тікелей эфирде кездейсоқ таңдау арқылы анықталады.

Қашықтықты қаншалықты жылдам еңсергені немесе қосымша шақырым жүргені жеңіске жету мүмкіндігіне әсер етпейді.

AI SPORT негізін қалаушы Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, жоба заманауи технологиялардың бұқаралық спортты қолжетімді ете алатынын көрсетуге бағытталған.

– Үлкен жарысқа қатысу немесе жаттығуға арнайы уақыт бөлу міндетті емес. Күнделікті серуеннің өзі онлайн-марафонның бір бөлігіне айнала алады.

Оның сөзінше, AI SPORT көмегімен әр қатысушы өз жетістігін бақылап, жүріп өткен шақырымдарын тіркеп, қалалық ортақ қозғалыстың бір бөлігі бола алады.

AI SPORT – бұқаралық спортты дамытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдаланатын қазақстандық технологиялық платформа.

Қосымша физикалық белсенділікті тіркеуге, спорттық нәтижелерді бақылауға, сондай-ақ онлайн-жарыстар мен челлендждерге қатысуға мүмкіндік береді.