Қонаевта 10 млрд теңгеден астам инвестицияға спорт кешенін салу жоспарланып отыр
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов MIG Capital Group компаниясының бас директоры Индира Маниновамен кездесті.
Кездесу барысында спорт инфрақұрылымын дамыту және MIG SPORT DISTRICT / SPORT ACADEMY KAZAKHSTAN инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатта спорт инфрақұрылымын дамыту, спортшыларды даярлау және инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған.
MIG SPORT DISTRICT / SPORT ACADEMY KAZAKHSTAN жобасы көпфункционалды спорт кешенін құруды көздейді.
Кешен құрамына спорт аренасы, жаттығу аймақтары, спортшыларды даярлау академиясы және оқу-жаттығу мен жарыстарды ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым кіреді.

Инвестициялық жоба олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға бағытталған.
Соның ішінде гандбол мен дзюдоға ерекше мән беріледі.
Жоба аясында спорт федерациялары, жаттықтырушылар, спортшылар, жастар командалары және бейінді ұйымдар өзара іс-қимыл жасай алатын орта қалыптастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бастама балалар мен жасөспірімдер спортының және бұқаралық спорттың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жоба спорт резервін даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ түрлі деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен спорттық іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Меморандумда инвестициялық бастаманың негізгі параметрлері де көрсетілген.
Жобаның алдын ала инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асады.
Қаржыландыру инвестор қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
