Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтты қабылдады.

Кездесуде Қазақстанның тау-кен металлургиясы кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық және технологиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, отандық өнеркәсіптің басым міндеттерінің бірі – шикізат экспортынан металды терең өңдеуге, озық технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім өндіру моделіне көшу.

Құрамы күрделі мыс шикізатын кешенді өңдеу, ілеспе металдарды алу, қайта өңдеуді дамыту және өңдеудің кейінгі сатысындағы өндіріс нысандарын жергіліктендіру ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде айқындалды.

Кездесуде Қазақстан аумағында мыс сынықтарын және техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу бойынша «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Aurubis арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар тараптар осы бағыттағы перспективалы жобаларды іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігін қарастырды.

Фото: akorda.kz