Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен кеңесте жаңа Қорғаныс министрін таныстырды.

Фото: akorda.kz

Президент Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне Айдос Сәкенұлы Мырзахметов кіріскенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрдің күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, оның алдындағы жауапкершілік жоғары, ал міндеттер аса күрделі.

Президент қорғаныс саласында батыл шешімдер қабылдануға тиіс екенін жеткізді.

– Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе.

Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты кадрлық шешімдер қабылдағанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қорғаныс министрлігі жұмысының қазіргі жай-күйі әскерді басқару, қауіпсіздік талаптарын сақтау, жабдықтау және кәсіби дайындық бағыттарында жүйелі өзгеріс қажет екенін көрсетті.

Президент жаңа министрге қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді.

Оның айтуынша, жаңа басшылық қалыптасқан түйткілдерді ашық мойындап, оларды нақты әрі кезең-кезеңімен шешуі керек.