Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады.

Президентке Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілді.

Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды.

Осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласы сарапшыларынан арнайы топ жасақталған.

Аудит аясында Қарулы күштер қызметінің негізгі бағыттарындағы ахуалға баға беріледі.

Атап айтқанда, әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруы және цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуі тексеріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелері де таныстырылды.

Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерістердің барысы баяндалды.

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы туралы айтты.

Жиынға 19 елдің өкілі қатысты. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізілді.

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге және мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.