Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады.

Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары бойынша қорытындыны баяндады.

Жиында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды көрсеткені атап өтілді.

Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті.

Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын айтты.

Сонымен қатар Президент әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы керек екенін мәлімдеді.

Аталған мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында болады.

Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары 13 қылмыстық іс қозғады.

Фото: akorda.kz

Істер мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі өзге де заң бұзушылықтарға қатысты қозғалған.

Маңғыстау облысындағы трагедияның мән-жайын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елеулі кемшіліктер анықталды.

Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында да бірқатар кемшілік бары анықталды.

Әскери қызметшілерге әлімжеттік жасау және жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды.

Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Тексеріс нәтижелері Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуі тиіс.

Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді.

Қарулы күштерді жаңғырту әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артуынан көрінуі керек.

Сонымен бірге кешенді тексеріс объективті жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеуі қажет екені айтылды.

Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуы тиіс.

Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

Фото: akorda.kz