Киото қаласында 23-ші жыл сайынғы Science and Technology in Society форумының аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақ үйдің Ғылыми-техникалық саясат басқармасының директоры Майкл Крациоспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

Атап айтқанда, жасанды интеллектіні дамыту, зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және академиялық серіктестікті нығайту мәселелері қаралды.

Саясат Нұрбек Қазақстанның ғылым және жоғары білім саласындағы реформаларының қазіргі нәтижелерін, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытуға және жаңа буын зерттеушілерін даярлауға бағытталған негізгі бастамаларын таныстырды.

Кездесуде жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған ұлттық AI-Sana бағдарламасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ Орталық Азияда AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет – Qazaq AI Research University қызметі туралы айтылды.

Министр Қазақстанның басым бағыттарының бірі жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу және AI for Science бағытын дамытуға жағдай жасау екенін атап өтті.

Тараптар Қазақстанды өңірлік академиялық орталық ретінде дамыту және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту мәселелерін де талқылады.

Осы ретте АҚШ-тың жетекші университеттерімен және технологиялық орталықтарымен ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сонымен қатар халықаралық серіктестерді Қазақстандағы зерттеу инфрақұрылымын дамытуға тарту мәселесі сөз болды.

Майкл Крациос Қазақстанда цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және екі елдің ғылыми әрі білім беру ұйымдары арасындағы тікелей байланысты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

STS Forum 2026 аясында Киото қаласында «Kyoto Vision for a Golden Age of Science» атты көпжақты министрлік декларациясын қабылдау рәсімі де өтті.

Құжат ғылыми жаңалықтарды жеделдетуге, зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуге, адами капиталды дамытуға және ғылыми қызмет жүргізу үшін тиімді жағдай қалыптастыруға бағытталған халықаралық ғылыми күн тәртібін айқындайды.

Қазақстан декларацияға қатысушы елдердің бірі ретінде халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ашық әрі инновациялық ғылым қағидаттарын ілгерілетуге мүдделі екенін растады.