Қазақстан мен Оман стратегиялық серіктестікті кеңейтуге келісті
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Келіссөз барысында Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның Сұлтан ретінде Орталық Азияға алғаш рет сапармен келгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Оманды араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
– Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз.

Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік негіз қаланды.
Мемлекет басшысы жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынастың жандана түскенін көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел халқына пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
– Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз.
Президент серіктестіктің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданатынын айтты.
Мемлекет басшысы ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Фото: akorda.kz
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид жылы қабылдауы және табысты келіссөздер үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Ол қазақ-оман ынтымақтастығы жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтті.
– Оман Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән береді. Соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алды. Біз мұны құптаймыз.
Оман Сұлтаны жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар мен Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың сөзінше, Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика, қаржы қызметтері, туризм, технология және жасанды интеллект салаларында инвестициялық ықпалдастық орнатуға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.
– Біз дербес инвестициялық институттарымыздың, жеке сектор мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін ұштастыратын жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз.
Оман Сұлтаны көлік байланысын екіжақты серіктестіктегі маңызды бағыттардың бірі ретінде атады.
Оның айтуынша, Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің негізгі нарықтарына шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді.
– Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид Оман көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және екі ел арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
Сондай-ақ Оман Сұлтаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы уақытта Оманға сапармен келуге шақырды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасында инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ екі ел үкіметтері арасында әуе қатынасы туралы келісім қабылданды.
«Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісім жасалды.
Сонымен қатар тараптар Blue City Rixos бірлескен жобасы шеңберіндегі негізгі шарттар туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Оман Сұлтандығы Қаржы министрлігі арасында қаржы саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.
«Атамекен» ҰКП мен Оман Сұлтандығы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы келісім жасалды.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен OQ Exploration & Production компаниясы геологиялық барлау саласы бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Еуразиялық даму банкі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасында Еуразиялық даму банкінің Оман Сұлтандығында қызмет ету шарттары туралы келісім қабылданды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz